16 АЛТЫННЫҢ 11-І ШЕТЕЛДІК БАЛУАНДАРҒА БҰЙЫРДЫ

24 Тамыз 2026
1

Бакуде өткен қазақ күресінен XII әлем чемпионатында 16 салмақтың 11-інде Қазақстаннан өзге елдердің спортшылары жеңімпаз атанды. Жеті мемлекеттің балуаны алтын алған бұл жарыс қазақ күресіндегі халықаралық бәсекенің деңгейін көрсетті.

Ерлер арасындағы сегіз салмақтың бесеуінде шетелдік балуандар топ жарды. Тәжікстан өкілдері Абдулфиз Мустафои 66 келіде, Навруз Каримзод 82 келіде чемпион атанды. Грузиялық Гиорги Кациашвили 90 келіде, Гиорги Чагелишвили 100 келіден жоғары салмақта жеңіске жетті. Әзербайжандық Тунжай Шамил 100 келіде алтын алды.

Әйелдер арасында Өзбекстан құрамасы үш чемпион шығарды. Мубинабону Валиджонова 52 келіде, Севинч Тошпулатова 56 келіде, Тилло Хонимкулова 60 келіде үздік болды. Ирандық Шива Алишах Джахангири 48 келіде, әзербайжандық Гүнел Гасанлы 70 келіде, италиялық Элеонора Гетти ең ауыр салмақта жеңімпаз атанды.

Қазақстан құрамасы ерлер арасында үш, әйелдер арасында екі алтын иеленді. Сонымен бірге екі командалық есепте де бірінші орынды сақтап қалды.

Бүгінде қазақ күресі 40-тан астам елде дамып келеді. Баку нәтижесі шетелдік балуандардың халықаралық жарыстарға қатысып қана қоймай, чемпиондық атақ үшін де бәсекеге түсе алатынын көрсетті. Әсіресе әйелдер арасында сегіз алтынның алтауы өзге елдердің спортшыларына бұйырғаны назар аударады.

24 елдің 159 спортшысын біріктірген чемпионаттың бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ. Демеушісі — Sport Qory спортты қолдау қоры.