Ақын, әдебиет зерттеуші ғалымы, публицист, педагог, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир мәресіне жетті

30 Қыркүйек 2024
1
2024 жылғы 27-28 қыркүйек күндері аралығында Қостанай облысының орталығы – Қостанай қаласында ақын, әдебиет зерттеуші ғалымы, публицист, педагог, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтті.

Ұлттық құндылығымыз әрі төл спортымыз – қазақ күресінен өткен бұл екікүндік жарыстың бағдарламасына сәйкес, әр өңірден келген командалардың сандық құрамы: 269 спортшы, 20 жаттықтырушы, 20 төреші, 20 ресми өкілді құрады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory cпортты қолдау қорының демеушілігімен өткен республикалық турнирдің барысында жалпы 160 спортшы 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыны анықтады.

Ұлт ұстазы,азақ халқының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының атындағы қазақ күресінен жыл сайынғы республикалық турнирге Астана мен Шымкент қалаларының, Алматы, Абай, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынфң спортшылары қатысты.

Тартысты өткен доданың нәтижесінде Диас Дәулет (55 келі, Астана қаласы), Бекзат Амзебек (60 келі, Шымкент қаласы), Ержан Еренқайыпов (66 келі, Астана қаласы), Бейбарыс Тұрғанбекұлы (74 келі, Ақтөбе облысы), Нұрдәулет Бақтыбайұлы (82 келі, Шымкент қаласы), Олжас Исаханов (90 келі, Қарағанды облысы), Әсет Жүнісов (100 келі, Ақмола облысы), Нұрсұлтан Қаблан (+100 келі, Қостанай облысы) қарсыластыранын басым түсіп, жеңістің биік тұғырына көтерілді.

Ал Түйе балуандар сайысында Астана қаласының өкілі Жандос Сейтенов ақтық белдесуде Қарағанды облысының өкілі Ерқанат Молдағұловты жеңіп, бірінші орынға көтерілді.

Республикалық турнирдің қорытындысы бойынша барлық жеңімпаз-жүлдегерлер медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Айта кетсек, Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, ұлт ұстазы.