"Бүгінгі таңда қазақ күресінен 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа чемпионаты өтті" – Ербол Мырзабосынов

15 Қаңтар 2025
1

Тараз қаласында қазақ күресінен ересектер арасында өтіп жатқан Қазақстан Республикасының чемпионатына ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және Sport Qory cпортты қолдау қорының қолдауымен Qazaq Kuresi Ассоциациясы ұйымдастырған чемпионатына Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен 17 облысынан келген 450-ден астам балуан қатысуда.

«Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен байрақты бәсекенің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов соңғы жылдары төл күресіміздің серпінді дамып келе жатқанын атап айтып, бұл чемпионаттың маңыздылығына тоқталып өтті.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Соның ішінде ұлттық брендіміз – қазақ күресінің орны бөлек. Атап айтқанда, әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді. Атап айтқанда, әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді. Бүгінгі таңда қазақ күресінен 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа чемпионаты өтті. Ал 2023 жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енді, – дей келе Ербол Қуантайұлы жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.