ӘЧ: ҮНДІЛІКТЕРДІҢ ҚОРЖЫНЫНДА 1 АЛТЫН, 2 КҮМІС ЖӘНЕ 3 ҚОЛА!

28 Ақпан 2025
1

Дели қаласындағы «Тьягарадж» ұлттық стадионында қазақ күресінен ересектер арасында Әлем чемпионаты өтіп, дүбірлі додаға әлемнің 20-дан астам елінің спортшылары қатысқан болатын.

Тартысты өткен кезекті Әлем чемпионатында шетелдік командалардың үлкен дайындықпен келгені бірден байқалды. Әсіресе, Үндістан елінің құрама командасының өкілдері қазақстандық балуандарға жоғары бәсекелестік таныта білгені сөзсіз. Нәтижесінде Үндістан елінің спортшылары 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальға ие болды.

Айта кетсек, Үндістан қазақ күресін белсенді түрде дамытып жатқан елдердің бірі. Қазіргі уақытқа дейін Үндістанда қазақ күресінен төрт рет ел чемпионаты өткен екен. Үндістандай алпауыт мемлекет тұрғындарының қазақ күресіне жоғары қызығушылық танытып, жоғары деңгейде қолдау көрсетуі біз үшін үлкен мақтаныш!

Әлем чемпионатының демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory cпортты қолдау қоры.

P.S. Бүгінге дейін қазақ күресінен 11 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы және 6 Еуропа чемпионаты өткен. Ал 2023 жылы қазақ күресі Эр-Рияд қаласында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет енді.