Соңғы жылдары қазақ күресінің халықаралық аренадағы танымалдығы артып келеді. Жыл өткен сайын қазақ күресін жанына серік етіп, онымен кәсіби түрде айналысып жүрген шетелдіктердің қатары да артып жатыр. Бұл спортшылардың арасында Азия және Әлем чемпионаттары, Азия және Әлем кубоктерінде жеңістің биік тұғырына көтеріліп жүргендері де баршылық.
Бұл үрдіс Үндістанның Дели қаласында өткен Әлем чемпионатында да өз жалғасын тапты.
Мысалы, ерлер арасында +100 кг салмақ дәрежесінде белдескен өзбекстандық балуан Муксин Хисомиддинов кілемдегі қазақстандық қарсыласы Нұрдәулет Жарылғаповты алтын медальға қол созым жерде қапы қалдырды.
Әлем чемпионаты барысында бұрымдылар арасындағы белдесулер де тартысты өтті. Әсіресе, 52 кг салмақ дәрежесінде финалға шыққан тағы бір өзбекстандық бұрымды балуан Ситора Елмурадова үндістандық қарсыласы Мускан Мусканнан басым түскенін атап өтуге болады. 60 кг салмақ дәрежесінде Үндістанның намысын қорғаған Анну Анну өзбекстандық қарсыласы Хуршида Түхлиевадан айласын асырып, отандастыраның қоржысына алтын медаль салды. Өз кезегінде 70 кг салмақта Нидерландыдан келген Сем Ван Дунге, ал 77 кг салмақта грузиялық Нино Одзелашвилиге тең келер ешкім болмады.
Көріп отырғанымыздай, бұған дейін қазақстандық балуандардан жеңіліп келген шетелдік спортшылар бүгінгі таңда кілемде баяғы осал қарсылас деуге болмас. Олардың бала жасынан қазақ күресімен айналысып келген қазақстандық балуандармен терезелері теңесті.
Әлем чемпионатының демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory cпортты қолдау қоры.