Қостанай қаласында ақын, әдебиет зерттеуші ғалымы, публицист, педагог, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир басталды

16 Қазан 2024
1
Ұлттық құндылығымыз әрі төл спортымыз – қазақ күресінен өткен бұл екікүндік жарыстың бағдарламасына сәйкес, турнирге әр өңірден келген 269 спортшы қатысуда.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory cпортты қолдау қорының демеушілігімен өткен республикалық турнирдің барысында жалпы 160 спортшы 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыны анықтайды. 

Турнирді Қостанай облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов алғысөзбен ашып, бұл жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деп айтып өткен Ахмет Байтұрсынұлы Бабамыздың сөздері бүгінгі жастарға қуат беріп жатқаны айқын. Салауатты өмір салтын ұстанған спортышыларымыз бейбіт күннің астында еліміздің әр түпкірінен жиналып, бақ сынауға бас қосып отқаны да осының дәлелі. Ахан атамыздың атындағы турнир жыл сайын өткізіліп келеді және осы турнирдің қарқыны жылдан жылға артып келе жатқаны көніл қуантады. Қазақ күресінің шеберлеріне сәттілік тілеймін!», – деді Бекболат Құстүтінұлы.

Бұдан кейін Бекболат Құстүтінұлы 2018 жылы қазақ күресінен Әлем чемпионы атанған Ерлан Омаровты «Құрметті спорт қызыметкері» төсбелгісімен марапаттады.

Дәстүрлі спорттық шараға грек-рим күресінің өкілі, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Сергей Матвиенко, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейтбек Қуанышбаев, қазақ және самбо күресінен ҚР спорт шебері Жұмахан Қасымханов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, ардагерлер арасында өткен Әлем кубогінің екі дүркін күміс жүлдегері, Қостанай қаласының құрметті азаматы Бейсенбай Әубәкіров, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Қостанай Мемлекеттік педогикалық институтының құрметті профессоры Олжабай Сәрсенбаевтың қатысқанын атап өткен жөн.

Республикалық турнирдің қорытындысы бойынша барлық жеңімпаз-жүлдегерлер медальдармен және грамоталармен марапатталады.

Айта кетсек, Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, ұлт ұстазы.