Бүгін қазақ күресінен ҚР спорт шебері, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Айнұр Ақжігітова Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Биыл Дубай қаласында жоғарғы әскери спортшылар арасында өткен UAE SWAT Challenge додасы өтіп, сындарлы сайысқа Қазақстанның атынан 12 команда қатысқан болатын. Нәтижесінде ҚР Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Томирис» командалары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» командасы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің командалары да шеберліктің үздік үлгісін көрсетті.
Мемлекет басшысы жеңімпаздарды құттықтап, сайыпқыран сарбаздарымыздың көк туымызды асқақ желбіретуі төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болғанын, ал осындай жеңісті сәттер өскелең ұрпақтың рухын көтеретінін, бұл жеңістің тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Айнұр Ақжігітованың бапкері - ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ардагер спортшы Әбдісадық Халилаев.
Спортшымызды біз де құттықтай отырып, өзге де қазақ күресінің өкілдеріне жұғысты болғай дейміз!