Қазақстандық балуан Рузимон Тугушев Әзербайжан астанасы Бакуде өткен қазақ күресінен XII әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Ол ерлер арасындағы 55 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.
Осыған дейін де әлем чемпионы атанып, Әлем кубогін иеленген Рузимон Баку бозкілемінде тағы бір мәрте үздік шықты. Оның алтыны Қазақстан ерлер құрамасының осы чемпионаттағы үш жоғары жүлдесінің бірі болды.
Рузимонмен бірге Ернұр Сүлеймен 60 келіде, Жұмажан Қожамбеков 74 келіде чемпион атанды. Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы жалпыкомандалық есепте 155 ұпай жинап, бірінші орынға көтерілді. Үздік үштікке Грузия мен Тәжікстан құрамалары енді.
Чемпионат кезінде Рузимон Тугушев құрамадағы әріптестерімен бірге Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігіне де барды. Балуандар елшілік жанынан ашылған №426 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, дауыс берді.
Чемпионаттың бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ. Демеушісі — Sport Qory спортты қолдау қоры.