ТАРАЗДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ҚР ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

15 Қаңтар 2025
1

2024 жылдың 7-9 қараша аралығында Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді.

«Тараз-Арена» спорт кешенінде өту жоспарланған байрақты бәсекеге Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен 17 облысынан келген 450-ден астам балуан сайысып, кілемде кіл мықтыны анықтайды.

Балуандарымыз биыл Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында үздік нәтиже көрсетіп, 12 алтын,
1 күміс, 2 қола медаль иеленген болатын. Спортшыларымыздың халықаралық додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүргені біз үшін үлкен мақтаныш! Алдағы жарыс сақа балуандармен қатар жас спортшылардың тәжірибесін жетілдіріп, салауатты, белсенді өмір салтын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақтың қазақ күресіне деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Sport Qory cпортты қолдау қорының қолдауымен Qazaq Kuresi Ассоциациясы ұйымдастыратын қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының бағдарламасына сәйкес, балуандар 16 салмақ дәрежесінде сынасады.

Жарыс бағдарламасы келесідей:

7 қараша
10:00 – жарыстың басталуы.
Ерлер: -90 кг, -100 кг, +100 кг.
Әйелдер: -70 кг, -77 кг, +77 кг.

         8 қараша
10:00 – жарыстың басталуы.
Ерлер: -66 кг, -74 кг, -82 кг.
Әйелдер: -56 кг, -60 кг, -65 кг.

         9 қараша
10:00 – жарыстың басталуы.
Ерлер: -55 кг, -60 кг, Түйе балуан.
Әйелдер: -48 кг, -52 кг.

Естеріңізге сала кетейік, қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және Sport Qory cпортты қолдау қоры.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасының чемпионаты 9 қараша күні өз мәресіне жетеді.