2020 жылдың 29 ақпанында Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Республикалық қазақ күресі федерациясының бірлескен Конгресінде сала мамандарының қолдауымен Qazaq kuresi Ассоциациасы құрылған болатын.
Qazaq kuresi Ассоциацияның мақсаты – қазақ күресін республикалық және халықаралық аренада дамыту, оны олимпиадалық спорт түрлері бағдарламасына енгізу үшін тиісті қадамдар жасау және кешенді шараларды ұйымдастыру.
Қазақ күресі – бұл Қазақстанның ұлттық спорт түрі ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренада қарқынды дамып келе жатқан беделді спорттық бағыт. Бүгінде түрлі елдердің балуандары өз шеберліктерін көрсетіп, мықтылар атағы үшін сынға түсетін ұлттық және халықаралық турнирлер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларда «Qazaq kuresi» Ассоциациясының тікелей жетекшілігімен жұмыс істейтін өңірлік федерациялар құрылған.
Қазіргі уақытқа дейін қазақ күресінен 11 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, сондай-ақ 6 Еуропа чемпионаты мен 2 Африка чемпионаты ұйымдастырылды. Бұл айтулы додалар Қазақстан, Иран, Бразилия, Оңтүстік Африка және басқа да мемлекеттердің төрінде өтті.
Бүгінде қазақ күресінің федерациялары әлемнің 40-тан астам елінде жұмыс істейді. Әр жыл сайын төрт құрлықтың спортшылары 10-нан астам халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, ұлттық күрестің беделін арттыра түсуде.